Ақсай қаласының маңында дамба тұрғызылады

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында, жыл сайын бірнеше ауылды су басады.

Ал көктемде төрт түлікке, бау-бақшаға тіршілік нәрі тапшы боп жатады. Тасқынның алдын алу мақсатында аудан әкімдігі Ақсай қаласының айналасына, дамба тұрғызуды жоспарлап отыр. Аудан ақсақалдары қосымша Шыңғырлау өзенінің бойына су қоймасын салуды ұсынады.

Ақсай қаласына қарасты Қызылтал ауылын жыл сайын су басатын. Қырдан құлаған қызыл су ауылды аралап, қаладан бір-ақ шығатын. Биыл тыныш. Ұзындығы 11,6 км мына дамба суды қайтарып, басқа бағытқа бұрыпты.

Мұрат Ғалиев, Қызылтал ауылының тұрғыны:

- Бүкіл жерді басып жатыр ғой. Осы бізге кірген жоқ. Шыдап шықты дамбамыз. Мына судың бәрі ауылға кеткенде бізге келеді. Бізден кейін 10 шағын ауданға барады бірден тіке. Қаланың бәрі кетеді ғой. Мына дамбаның көмегі көп болды, кішкене жетілдіру керек тұрбалар салып, өтетін жерлерін дұрыстап берсе.

Аудан әкімдігі биыл суға кеткен Аралтал, Пугачев ауылдарына да осындай дамба салуды жоспарлап отыр. Ақсай қаласының ескі бөлігінен бастап аталған ауылдарды айналып өтер бөгеттің ұзындығы 13 шақырымды құрамақ. Құрылыс құны 1,5 миллиард теңге.

Әділжан Өтебаев, Бөрлі аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Қазіргі таңда жоба бітті. Енді қазір мемлекеттік сараптамадан өтейін деп жатыр. Биыл мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алсақ, биыл бастап кетеміз. Ескі Ақсай қаласына келген суды айналдырып апарып, промбазалар  арқылы айналдырып апарады, сосын Шыңғырлау өзеніне түседі. Пугачев ауылының тұсынан түседі.

Шыңғырлау өзені бастауын  Шыңғырлау ауданындағы бұрынғы Отрадное ауылының тұсынан  алып,  Жайыққа келіп құяды. Ұзындығы 290 шақырым. Бөрлі ауданындағы негізгі су көзі саналады. Экологтардың айтуынша кейінгі жылдары тайыздап кеткен. Содан ба екен көктемде арнасына сыймай, ауылдарды басады. Жазда басылып,  әр жерден үзіліп, кеуіп қалады. Тұрғындар суармалы егістікке, төрт түлікке су таппай жатады. Осыны болдырмау үшін ауданда су қоймасын салу керек дейді елдің естілері. Сонда көктемгі тасқынның да алдын алуға болатын көрінеді.

Әли Бектұрғанов, Бөрлі аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы:

- Аудандық әкімдіктің азаматтары кысы-жазы жұмыс жасады ғой. Бірақ қол қысқа ғой сондықтан осы суды пайдалану мәселесінде жоғары жақтан қолдау жасап, су қоймасы керек осы. Осы мына  Оралдан келе жатқанда Масайтөбе деген жер бар. Сол жерден Шыңғырлау жағасынан су қоймасы салынса, өте жақсы болар еді. Шыңғырлау төмендемеуіне де, егістікке де жарар еді.

Биыл елімізде су ресурстарын тиімді басқарудың тұжырымдамасы қабылданды. 5 жылдық жоспарда Батыс Қазақстан облысында екі су қоймасын салу көзделген. Оның бірін Жалпақтал ауылы тұсына Қараөзеннің бойына салу жоспарланса, екіншісі Сарыөзен бойына Қошанкөл ауылы маңына тұрғызылмақ. Экологтар осы жоспарға Бөрлі ауданын да қосу керек деп есептейді.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов