Түркістаннан 200 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді

Түркістаннан Батыс Қазақстан облысына 200 тонна гуманитарлық көмек жолға шықты.

Өңірде су басқан аймақтардағы жағдайға байланысты үйлестіру штабтары құрылған. Олар су тасқыны басталған алғашқы күннен бастап Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарына 371 тонна азық-түлік пен қажетті заттар жөнелтті.

Батыстағы қарғын судан зардап шеккен ағайынға Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де қолұшын созып жатыр. «Жүректен жүрекке» акциясы аясында өзбек және түрік этномәдени бірлестіктері 5 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмекті жөнелтті.

Зуфархан Шалданов, Өзбек этномәдени бірлестігі жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

- Мемлекет басшысы «біздің күшіміз – бірлікте» дегендей, «ауылымыз бөлек болса да, тілегіміз бір. Жұдырығымыз бөлек болса да, білегіміз бір». Арнасынан адасып аққан қызыл судан зардап шеккен бауырларымызбен біргеміз!

Сонымен қатар игі шараға облыстағы кәсіпкерлер палатасы да атсалысып жатыр. Сарыағаш, Отырар, Келес, Сайрам, Саураны ауданы мен Кентау қаласының кәсіпкерлері мен тұрғындары атынан қажетті заттар жолға шықты.

Дәурен Ақсақалов, волонтер:

- Ауданымыздың қартынан жас баласына дейін, кәсіпкерлері, ел ағалары, барлығы көмектерін ұсынып, аманаттап бізге беріп жіберді. Бұның ішінде тек азық-түлік емес, қайықтар, мотор ол жақта жарық болмауы мүмкін ғой. Етіктер, кеудеге дейін киілетін резіңке етіктер. Ел болып, халық болып, осылай бірлігімізді көрсетсек, бұл қиындықты да жеңіп өтеміз.

Облыс әкімінің орынбасары Арыстағы жарылыс пен Мақтааралдағы су тасқыны кезінде де еліміздің барлық облыс көмек қолын созып, күн-түн демей гуманитарлық көмек жеткізіп тұрғанын атап өтті.

Бейсен Тәжібаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Бұл енді ешқандай да қарыз емес, бұл - біздің адамгершілікті азаматтық парызымыз. Оны жоғары деңгейде осылай ұйымдасқан бір қауым ел ретінде атқарамыз ғой деп сенеміз. Сондықтан осыған қатысып жатқан азаматтардың барлығына, осындай бір шынайы жанашырлықтарыңыз үшін, Отаншылдықтарыңыз үшін, азаматтық болмыстарыңыз үшін шын жүректен алғысымызды айтамыз.

Жалпы түркістандықтар атынан 200 тонна кезекті гуманитарлық көмек батысқа аттанды. Сонымен бірге 50 ерікті жас арнайы автобуспен жолға шықты. Олар су тасқыны салдарын жою, ұйымдастыру жұмыстарына атсалысады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов