Жайық жағасындағы жұмыс. LIVE

Батыс Қазақстан облысында Жайықтың жағалауында 94 ауыл орналасса, күні бүгін сол елді мекендердің айналасына жалпы ұзындығы 53 шақырымдай дамба тұрғызылды.

Қызу жұмыстар облыс орталығында да жүріп жатыр. Топографикалық түсірілімдер нәтижесіне сәйкес ең аласа деген Курени, Коминтерн, Анискин көлі аудандарына және Шаған өзенінің жағасына тасқынға тосқауыл қойылды. 

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Бүгін түсте өзен деңгейі мұнда 745 сантиметрді құрады. Қауіпті меже 850 см саналады. Соңғы тәуліктерде   дария айтарлықтай көтеріле қойған жоқ. Бірақ мамандар мұны дауыл алдындағы тыныштыққа балап отыр. Өйткені қазір келіп жатқан еріген қар суы мен  Шыңғырлау, Елек өзендерінің суы. Ал Ирикла су қоймасынан тасталған мол су енді 4-5 күнде келіп түспек. Ақпарат көздерінен естіп-білгеніміз, Ресейдің көршілес Орынбор қаласында бүгін өзен деңгейі 11 метр 71 сантиметрге жетті, қауіпті межеден 2 метр 40 сантиметрге асып түсті. Бұл тасқынның шарықтау шыңы емес, одан да өседі деген болжам бар. Осыған қарап Орал қаласындағы бөгеттерді биіктету жұмыстарының жоспарына да өзгеріс енді. Мәселен мына қаланың ең аласа нүктесі саналатын Курени ауданында 1994 жылы салынған дамбаны әу баста 1 метрге биіктетеміз десе, енді ол 2 метрге көтерілуде. Жалпы қала бойынша жағалауды көтеру жұмыстарына мыңға жуық ерікті, жүздеген техника, еліміздің әр түкпірінен келген 700-дей әскери жұмылдырылған. Соның ішінде Алматы, Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда қалаларынан келген әскерилер мен құтқарушылар бар.

Қадіржан Базарбек, Қызылорда облыстық ТЖД бас маманы:

- Қызыорда облысынан жедел топ ретінде 33 жеке құрам, 3 техника, 4 мотопомпа, 4 қайығымызбен Батыс Қазақстан облысына келіп отырмыз. Жеке құрам көмек көрсетуге, құтқару жұмыстарын жүргізуге, эвакуация жүргізуге толықтай дайын деп айта аламын.

Азамат Халелов, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Жұмыстар 24 сағат жүреді. Күндізгі уақытта дамбаның үстімен арнайы техникалар жүріп, бекіту трамбовка жүреді. Түнгі ауысымда осы жерге қажетті инертті материаларды полигондардан жинау жұмыстары жүреді. Одан бөлек 200-ге жуық әскери құрылым бөлімінің әскерилері жұмыс жасап жатыр. Әскерилердің мақсаты кейбір техника кіре алмайтын аумақтарға топырақты жеткізу, қапшықтарды құммен қаптап оларды нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Бүгін жұмыстың жүріп жатқанына 7-8 күн. Әлі 3-4 күнде негізгі жұмыстарды аяқтау жоспарымызда бар.

Курениден басқа осындай жұмыстар Зашаған кентіндегі Коминтерн ауданында, Анискин көлінің жағасында жүріп жатыр. Жайық тасыса, Шаған өзенін кері теуіп, жоғарыға лықсыған су қалаға басқа жағынан кіріп кетуі мүмкін. Сол себепті Шаған өзенінің жағасына да қосымша бөгеттер қойылған. Қысқаша айтқанда Орал қаласы қазір тілсіз жауға қарсы тасқамал қорғаныс құрып жатыр.