Түркістанда табиғи парк аумағы тазартылды

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» мекемесінің қызметкерлері де атсалысып, саябақ аумағын тазартты, деп хабарлайды 24KZ.

Акция аясында мыңға жуық көшет егілді. Демалыс орынының аумағы алма, өрік, үйеңкі, қайың және қарағашпен толықты. Бұдан бөлек, ағаш түптері әктеліп, 10 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Былтыр мұнда 4 мыңнан астам шаған, үйеңкі, қарағаш, боз арша, жиде көшеті егілген. 36 гектар жерге орналасқан 6 орман тұқымбағы бар. Жыл сайын тұқымбақтардан аудан-қалаларды көгалдандыруға 110 мың түп көшет тегін таратылады.

Мұрат Әйтімбетов, «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» директорының орынбасары:

- Тазалық жұмыстары аптасына бір рет мемлекеттік инспекторлардың тарапынан өздеріне қарасты аумақтарда жүргізіліп отырады. Бұнда демалушыларға арнайы кіруге рұқсат құжаттары беріледі. Журналдарға тіркеледі, техникалық қауіпсіздік таныстырылады. Аумақты таза ұстау, қоқыс қалдықтарын өздерімен бірге алып кету болмаса арнайы қоқыс орындарына тастау талап етіледі.