Талдықорғанда бір күнде 635 тонна қоқыс шығарылды

Талдықорғанда өткен сенбілікке бастауыш сынып оқушылары да қатысты, деп хабарлайды 24KZ.

Олар ата-анасының көмегімен саябақтағы ағаштарға құс ұясын ілді. Қанаттыларға қамқорлық көрсетіп, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосты. Ал үлкендер қала көшелері мен саябақтарды және мекемелерге бөлініп берілген аумақты тазартты.

Ауқымды шараға 25 мыңнан аса адам жұмылдырылып, бір күнде 635 тонна қоқыс жиналды. Мұндай жұмыстар аймақта қар көбесі сөгілгелі жүргізіліп келеді. Жауаптылар: «8 мың тонна тұрмыстық қалдықты қала сыртына шығардық», – деп отыр.

Аят Мирасұлы, оқушы:

- Торғайлар жылыну үшін, көп болу үшін әке екеуіміз үйден торғайларға үй істеп, ағаштарға ілдік. Адамдар торғайларды қорғау керек. Торғайлар бізге, адамдарға, көмектеседі, құрттардан бізді қорғайды.

Айдос Бекетаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Биылға 115 мың жасыл ағаш егу жоспарда тұр. Көктемгі мезгілге 42 мың болатын. Оның 7 мыңын егіп қойдық. Бүгін мыңын егіп, 8 мыңға жеткіземіз. Мамыр айынның соңына дейін 42 мыңға толтырамыз егіп. Қалғанын күздік мезгілде тұр.