Талдықорғанда Әбілхан Қастеевтің ескерткіші орнатылады

Биыл Талдықорғанда қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушы Әбілхан Қастеевтің ескерткіші орнатылады.

Мүсін қылқалам шеберінің 120 жылдығына орай ашылады. Мерейтой қарсаңында облыста 60-тан аса мәдени шара өтіп, қайталанбас дарын иесінің туған жеріне саяхат ұйымдастырылады. Қазір аймақта дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Жұмағазы Нұрғазыұлы Әбілхан Қастеевтің аталас туысы. Қылқалам шебері   жайдары мінезімен, бауырмалдығымен ерекшеленетін,- дейді ақсақал. 

Жұмағазы Нұрғазыұлы, Шежін ауылының тұрғыны:

- Өте қарапайым болды. Халық суретшісі бола тұрып үй салғызбаған. Қазір музей болып тұрған жай үйде тұрған. Бар өмірін суретке арнаған.

Әбілхан Қастеевтің туған ауылы Шежінде былтыр екі қабатты мектеп салынды. Білім ордасында әйгілі суретші жайлы материал жинақталып шағын мұражай ашылғалы жатыр. Елді мекендегі емдеу мекемесі де бастан аяқ жаңадан тұрғызылды. 

Мұрат Шабахан, Шежін ауылының тұрғыны:

- Мына жақтағы көшелерге асфальт салынды. Электр жарығы орнатылды. Жақсы су тартылды. Біз келгенде бір екі колонка болатын.

Жаркент қаласында Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет галлереясы бар. Онда қайталанбас дарын иесінің картиналары көпшілік назарына ұсынылған. 

Берік Әбілханов, Ә.Қастеев көркемсурет галереясының меңгерушісі:

- Әбілхан Қастеев атамыздың үлкен картина жасау барысындағы дайындық эскиздік жұмысы ғана. Осының өзінде Қастеев атамыздың жігерлігі, еңбекқорлығы көрсетіледі. Осы галлереяға келген оқушыларды еңбексүйгіштікке осы бай мұрамыздағы көркемсурет негізіндегі біздің қандай құндылығымыз бар. біздің арамыздан қандай тұлғалар шыққан. Олардың еңбегі несімен құнды деген тақырыптарда әдейі жұмыстар жасаймыз.

Мерейтойға орай Талдықорғанда кәсіби суретшілердің халықаралық плэнерін өткізу көзделген. Сонымен қатар ғылыми-танымдық конференциясы арқылы Әбілхан Қастеевтің еңбегін зерделеп, кеңінен  насихаттау жоспарланып отыр.  

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев