Доссор-Құлсары жолы ашылады. LIVE

Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласын судан тазарту жұмыстары жалғасып жатыр.

Қазір қалада сауда нысандары қалыпты жұмыс режиміне көшті. Бүгін Доссор-Құлсары бағытындағы тасжол ашылады.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Жылыой ауданында тасқын қаупі сейілді. Жем өзенінің деңгейі 85 сантиметрге дейін түскен. Қазір аудан орталығы Құлсары қаласында су сору жұмыстары жүріп жатыр. Су тасқыны басталғаннан бері Құлсарыда коммуналдық қызметтер 11 мың текше метрден астам су сорған. Қазір 51 бірлік техника осы жұмыстарға жұмылдырылды. Вакуумдар 461 рейс жасаған.

Сондай-ақ Құлсары қаласында сауда нысандары қайтадан жұмысына кірісті. Қазір 100 азық-түлік дүкені, 2 ірі супермаркет, 3 ірі көтерме сауда базары, 20 шақты дәріхана қалыпты жұмыс істеп жатыр. Басты жаңалық, Доссор-Құлсары тасжолы бүгін ашылады. Республикалық маңызы бар автокөлік жолына жауапты ҚазАвтоЖол компаниясының қазір 54 қызметкері, 28 техникасы жұмыс істеп жатыр.

Мұрат Мықтыбаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ облыстық филиалының директоры:

- Жолды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі таңда 101-ші шақырымда инертті материал жаппасын төгу жұмыстары жүріп жатыр. 12 труба салдық. Оның үстінен 2 мың тонна қиыршықтас салдық. Одан әрмен қарай Құлсары елді мекенінде 119-шы шақырымда, 118-ші шықырымда және екі бригадамен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстың бәрін 14 сәуір 2024 жылы кешке дейін аяқтап, жол қозғалысын береміз деген жоспардамыз.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Қазір Құлсары қаласында қоғамдық көлік те қалыпты жұмысына кірісті. 4 бағыт бойынша 14 көлік қатынап жүр. Бүгін Жылыой ауданында қоғамдық штаб ашылып, жұмысын бастайтынын да айта кетейік. Қоғамдық штаб тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Қоғамдық штабтың құрамында жергілікті белсенділер де бар.

Айта кетейік бүгін таңғы сағат 9 шамасында ТЖД қызметкерлері және тұрғындардың көмегімен ер адамның денесі табылды. Еске салсақ, 6 сәуірде Жылыой ауданы Құлсары қаласында әкесі баласымен су басқан үйін қарау үшін барып, кейін эвакуациялық пунктке кері оралмаған. Сол уақыттан бастап құтқарушылар іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Іздестіру жұмыстарына 40 қызметкер, 6 жүзу құралы, 1 бірлік техника жұмылдырылды. Бүгін құтқарушылар әкесінің денесін судан шығарды.