Атырау облысына гуманитарлық көмек үздіксіз келіп жатыр. LIVE

Атырау облысына 8 күнде 500 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткен.

Еліміздің әр түкпірінен қайырымдылық керуені ағылып келіп жатыр. Алматыдан Қазақстан халқы Ассамблеясы жіберген 25 тонна азық-түлік қалаға келіп жетті. Қайырымдылық көмекті үйлестіретін волонтерлік штаб бар.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Жаңа ғана Алматыдан қабылдау орталығына 25 тонна азық-түлік жеткен болатын. Олар қазір сұрыпталып, Құлсары қаласына жөнелтуге дайындалып жатыр. Атырау-Құлсары атвожолын су шайып кеткендіктен, қатынас тек теміржол арқылы, зәру заттар тік ұшақтармен жеткізіледі. Жалпы штаб іске кіріскен 8 күнде 505 тонна азық-түлік, киім-кешектер мен төсек-көрпелер жиналды. Негізгі көмек Құлсары қаласы мен сол аудандағы тасқын зардабын шеккен ауылдарға, эвакуациялық бекеттерге жөнелтіліп жатыр. Себебі баспаналары суда қалғандар көмектің қандайына да зәру. Штабтың міндеті – сол мұқтаждықтарды кідіріссіз жеткізіп беру. 

Әйгем Жәрдемқызы, облыстық волонтерлік штабтың жетекшісі:

- Жылыой ауданынан тапсырыс қабылдаймыз. Осындай заттар қажет деген сол бойынша барлық қажетті заттар жинақталып, жүк вагондары арқылы Жылыойға жіберіп жатырмыз. Онан бөлек, тікұшақпен 10-15 мәрте зат жібердік. Оның барлығы Жылыой ауданына, Теңіз қалашығына Шоқпартоғай ауылына гуманитарлық көмектер жөнелтіліп жатыр. 

Кеше волонтерлік штаб 45 тонна азық-түлік пен ауызсуды зардап шекендерге жөнелтті. Қысқасы, күніне қанша керуен келсе, соншасы діттеген жерге бағытталып жатыр. Айтқандай, өткен жұма күні демеуші компания 100 тоннаға жуық құтыға құйылған ауызсу жіберген болатын. Олар бүгіннен бастап жағада бөгет тұрғызып жатқандарға беріле бастады. Себебі соңғы 2 күн Атырауда өте ыстық болып тұр. Бүгінде Жайық өзенінің жағасында 10 мыңнан астам адам мен 700 дей техника тынымсыз еңбек етіп жатыр.