Жетісу облысында 70 шақты мектеп күрделі жөндеуге зәру

Жетісу облысындағы Сарытөбе ауылына жаңа мектеп керек. 90 жыл бұрын салынған білім ордасының әбден тозығы жеткен, деп хабарлайды 24KZ.

Кейін тұрғызылған оқу ғимараттары да ескірген. Сол себепті жергілікті тұрғындар жаңа әрі заманға сай мектеп салып беруді сұрап отыр.

Іргетасы үгітіле бастаған білім ордасының едені де шіріп тұр. Оқушылар түсіп кетпеу үшін оны қаңылтырмен жауып, шегелеп қойыпты. Ағаштан салынған есік-терезелерінен де жел гулейді. «Балалардың білім алуына, спортпен шұғылдануына қолайлы жағдайдың жасалмауы жанымызға батады», – дейді ауыл ақсақалы Серік Кәрібаев.

Серік Кәрібаев, Сарытөбе ауылының тұрғыны:

- Әлеуметтік жағдай жоқ біздің мектебімізде. Спортзалы кәдімгідей сырттың балалары сияқты ойнап, волейбол, баскетбол ойнайтын жер болса екен деп тілейміз.

100-ден аса бала оқитын білім ошағы интернеттен ажыратылған. Ал асхана деген атымен жоқ. Мемлекеттік бағдарламамен салынған дәретхана да істемейді. Оқушылар қысы-жазы даладағысына баруға мәжбүр. Себебі мектеп түгіл тұтас ауылға ауызсу жүйесі жүргізілмеген. Жұмысшылар еден жуу үшін өзен маңынан шелектеп су тасиды.

Ғалия Беделбекова, Сарытөбе ауылының тұрғыны:

- Ауылда ана жерде бөшке тұр. Сол жерде су тоқтап қалса, өзеннен аламыз. Қазір қайта әйбат батпақ кезде өте қиын. Өзіміз үйімізден фляк алып келіп не қыламыз.

Раушан Айтбаева, Сарытөбе ауылының тұрғыны:

- Суық, қыста от жақсы бармайды. Жылынбайды. Балалар бір күн үйде, бір күн мектепте ауырып шығады.

Панфилов ауданында ескірген 16 мектеп болса, соның екеуінде құрылыс жұмыстары басталған. Ал Сарытөбе, Сүптай және Садыр ауылдарындағы Білім Ордасы Енді Жоспарға Енгізілмек.

Қайсар Сейітқожаев, Панфилов аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Осы келесі жылға бюджеттік өтінім беріп сұраныс беріледі. Құрылыс басқармасы тарапынан. 2025 жылы құрылыс бастау үмітіміз бар. Сүптай биылғы жылы шілде айында бітетін болса, осы жылы кіріп кету мүмкіндігі бар.

Облыстағы 9 мектеп бастан-аяқ жаңартылып жатыр. Бұл мақсатқа 8 млрд-тан аса теңге бөлінген.

Марат Сүлейменов, білім басқармасының басшысы:

- 2024-2025 жылы Жайлы мектеп жобасы аясында 7 мектептің құрылысын аяқтап, оқушыларды қабылдауды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге «Инфроқұрылымды дамыту» қоры арқылы 3 мектепке қаржы бөлініп, Көксу ауданындағы Қаратал мектебі, Ақсу ауданындағы Көшкентал орта мектебі, және Панфилов ауданындағы Дәнеш Рақышев атындағы мектебі. Сол 3 мектептің жаңа құрылысы жүргізіледі.

Жетісу облысында 330-дан аса мектеп бар. Соның 70 шақтысына күрделі жөндеуге зәру.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.