БҚО Жайықтан келер қауіптің алдын алуға кірісті

Батыс Қазақстан облысында су тасқынының алғашқы толқыны өтіп, енді Жайықтан келер қауіптің алдын алуға кірісті.

Жан-жақтан 2 мың сарбаз көмекке келді. Әр өңірден арнайы техника жіберілді. Олар облыс орталығы мен Бөрлі, Бәйтерек, Теректі және Ақжайық аудандарына бөлінді. Қазір Жайықтың жағасында орналасқан 84 елді мекеннің айналасындағы бөгеттер биіктетіліп жатыр. Болжам бойынша сәуірдің 17-сі мен 19 аралығында Ресейдің Орынбор өңірінен тасқын су келеді деген қауіп бар. Өңірге барған Мәжіліс депутаттары тасқынның алдын алу жұмыстарымен танысты.

Батыс Қазақстан облысында су тасқынының алғашқы толқыны өтті. Кішігірім өзендер арнасына түсіп, жағдай тұрақталды. Ендігі басты назар – Жайық өзенімен келе жатқан мол суды шығынсыз өткізу, елді мекендерді басуына жол бермеу. Бұл мақсатқа қазір ондаған мың еріктілер мен әскерилер, құтқарушылар жұмылған. Жалпы ұзындығы 54 шақырым дамба соғылған.

Қалияр Айтмұхамбетов, облыс әкімінің орынбасары:

- Осы күнге шейін 300-ден астам техника жұмыс істеп жатса, соңғы Үкімет шешімімен басқа облыстардан да көліктер келе бастады. Жұмыс істеп бастап жатқан, келетін көліктердің жалпы саны – 750 көлік. Олардың барлығы да аудандарға, аудан ішіндегі елді мекендерге бекітілді, жұмыс істеп жатыр. Басты мақсат осы құрылған дамбалардың нәтижеге жету ғой. Дамбаларымыз тасқын кезінде 3-4 күн сол ауылға су жібермей, шыдау керек. Осы бағытта сол дамбалардың біиіктігін де, енін де үлкейтіп жатырмыз.

Облыстық штабта болып аймақтағы ахуал туралы ақпарат алған соң, Мәжіліс депутаттары эвакопунктегі халықтың жағдайымен танысты, бөгеттерді биіктету жұмыстарын көзбен көріп, еріктілермен тілдесті. Күні бүгін өңірде 1100-дей тұрғын үй, 1900-дей саяжай су астында қалды. Саяжайларда 25 мыңдай адам тұрақты мекендейді. Олардың ешқайсысы да ескерусіз қалмайды, мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетіледі, – дейді халық қалаулылары. Бірақ келешекте өзен жайылмасына жаңадан капиталды құрылыс тұрғызуға тыйым салынуы мүмкін.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Су кодексі Мәжіліске енді. Бердік кейбір ұсыныстарды. Жалпы табиғи  судың өзінің жайылатын жеріне елді мекен салмау керек. Себебі, білесіздер, жауын-шашын болады, кар ериді деген сияқты, табиғи арнасында келе жатқанда өзенге тосқауыл қоймау керек. Бір, сондықтан осы мәселені ескеруіміз керек. Екінші, қолдан жасалған бөгеттер кеше үлкен проблема жасаған Құлсарыда. Сондықтан біздің су ресурстарының бәрінің кадастры болу керек. Ол жерде жасалатын құрылымдар, бөгеттер бәрі заңдастырылуы керек. Ешқандай заңсыз ештеңе салынбау керек.

Жайық өзенінің қауіпті деңгейі 850 сантиметр болса, «Казгидромет» мекемесі: «биыл дария деңгейі 10 метрге жуықтайды», – дейді. Бүгін түсте бұл көрсеткіш 760 саниметрге барған. Мамандардың мәлімдеуінше, жоғарыдан түскен мол су облыс орталығына сәуірдің 20-ларына келіп жетпек.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов.