Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы жағдай алаңдаушылық тудырды

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында су тасқынына қатысты жағдай алаңдаушылық туғызып отыр.

Қазір Торғай өзенінің тасуынан үш ауылдың тұрғындарын эвакуациялау жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, шалғайдағы Тәуіп және Жайсаңбай елді мекендеріне де қауіп төнген. Ауданға қосымша күш пен гуманитарлық көмек жөнелтілуде.

Ырғыз ауданындағы жағдай қалай? Жалпы тасқынның беті қайтар түрі бар ма?

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Ырғыз ауданындағы жағдай әлі алаңдатарлық күйде. Нұра мен Мамыр ауылдарына қазірдің өзінде су кіргені анық. Әзірге 10-нан астам үйді басыпты.  Екі ауыл да жыл сайын көктемгі тасқын кезінде су алуы мүмкін аумақтардың қатарына жиі енеді. Себебі жанында ағып жатқан бірнеше өзен мен көлдер бар. Ал осы жолы Торғай өзенінің тасуы ауылдықтарға оңай болмай тұр. Нұра, Мамыр және көрші жатқан тағы бір елді мекен – Белшерден қазірдің өзінде 700-ге жуық адам аудан орталығына тік ұшақтармен эвакуацияланды. Бұдан өзге, су тасқыны Тәуіп пен Жайсаңбай ауылдарына да қауіп төндіріп тұр. Ауданға қосымша кұш пен гуманитарлық көмек те жөнелтіліп жатыр. Бұл жолы 35 мың қап, 100 етік, күрек және генератор, 2 қайық, 1 мотопомпа және азық-түлік қоры мен қажетті тұрмыстық заттар жіберілді. Тасқыннан зардап шеккен ырғыздықтарға көрсетіліп жатқан қолдау түрін қазір менің қасымда тұрған облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ләззат Оразбаева айтуға дайын. 

Ләззат Оразбаева, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары:

- Облыс бойынша қазір Ырғыз ауданы ғана тәуекел аумаққа енген. Су кіріп жатқан ауылдардың айналасын құм толы қаптар төсеп, бөгеу ісі күні - түні жүріп жатыр. Тек Нұрада бұл жұмысқа 10-ға жуық техника мен 126 адам жұмылдырылған. Ал өңір бойынша су тасқыны ахуалы тұрақтала бастапты. Ендігі міндет зардабын жою. Бүгінгі күні арнайы комиссияларға ТЖ режимі жарияланған алты аудан мен Ақтөбе қаласы тұрғындарынан 3180 өтініш түскен. 14 адамға 33,2 млн теңгеден астам өтемақы аударылған. Сондай-ақ, су тасқыны салдарынан өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға біржолғы төлем беру жалғасып жатыр. Менде бар ақпарат әзірге осы.