БҚО-ға жеті жүз тоннаға жуық көмек жеткізілген

Су тасқыны басталғалы Батыс Қазақстан облысына 700 тоннаға жуық гуманитарлық жәрдем жеткізілген.

Қарапайым тұрғындардан бастап, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлер, ірі компаниялар батысқазақстандықтардың басындағы қиындыққа бей-жай қарамай, өз көмектерін ұсынуда. Өзге ұлт өкілдері де бұл сауапты істен шет қалмады. Кеше «Жүректен жүрекке» акциясы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының Түркістан облысындағы бөлімшесінің бастамасымен жиналған 100 тоннадай гуманитарлық жүк Орал өңіріне келіп жетті. 4 көліктің екеуі азық-түлік болса, 2 жүк көлігінде тұрмысқа қажетті жихаздар, көрпе-төсек және қосымша құрылыс материалдары тиелген.

Тимур Жұмырбаев, "Ассамблея жастары" РҚБ төрағасы:

- Қоғамның күші бірлікте. Қазір барлық Достық үйінде белсенді жұмыс жүріп жатыр. Жиналған жәрдемді тасқыннан ең көп зардап шеккен өңірлерге жібереміз. Бұл жерде ол жүк сұрыпталып, сұранысқа байланысты аудандарға, нақты көмек керек адамдарға беріледі. Қазір ассамблея бойынша 11 мың ерікті бар. Олар осындай жүкті тиеп-түсірумен және жағалауды бекіту жұмыстарымен айналысады.