Электрондық білезіктер қолданылуы мүмкін

Жыл сайын елімізде шамамен 11 мың адам сотқа дейін қамауға алынып, олардың үштен екісі ғана нақты бас бостандығынан айырылады.

Қалған бөлігі босап шыққанымен, олардың қызметтік абыройына нұқсан келуі мүмкін. Тұрақты жұмысынан айырылып, денсаулығы сыр беруі ықтимал. Осыған байланысты кінәсі дәлелденбеген адамды бірнеше ай бойы тергеу изоляторында ұстау «кінәсіздік презумпциясы» қағидатына қайшы келеді. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін алдағы уақытта тергеу кезінде кейбір күдіктілерге «электрондық білезік» тағу тәжірибесі енгізілуі мүмкін. Бұл бастаманы Жоғарғы Сот ұсынып отыр.

Асламбек Мерғалиев, ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы:

- Мемлекет басшысы қылмыстық процесс барысында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнінде бірнеше рет атап өтті. Халықаралық стандарттарға байланысты тергеу барысында алдын ала қамау мәселесі ерекше жағдайларда ғана қаралу керек деп көрсетілген. 11-13 мың күдікті азаматтарды біз тергеу барысында қамауға алып жатырмыз. Қамауға алған азаматтарды іс келіп түскеннен кейін не болғанын қарайтын болсақ, тек үштен екісіне, 60 пайызына ғана біз бас бостандығынан айыру жазасын беріп жатырмыз.

Электрондық білезіктер үйінен, қаладан немесе ел аумағынан тыс жерге шығу құқығы уақытша шектелген азаматтардың жүріп-тұруын GPS арқылы 2 метрге дейінгі дәлдікпен үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді. Оның үстіне бұл экономикалық жағынан тиімді. Өйткені тергеу изоляторына жұмсалатын шығын әлдеқайда көп. Бүгін Жоғарғы Соттың бұл бастамасын Президент Әкімшілігі мен құқық қорғау органдарының басшылығы, адвокаттар және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері бір ауыздан қолдады. 

Айдын Бикебаев, Қазақстанның Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы:

- Залог деген бар. Ақша салу үшін банктерді тарту керек. Банктер бұл жерде көмектесуі мүмкін, өйткені олар кредит берсе, адамның қашып кетпеуіне өздері үшін мүмкіндік жасайды.