NCOC компаниясы зардап шеккендерге көмек берді

Шетелдік NCOC мұнай компаниясы тасқын судан зардап шеккен атыраулықтарға 150 тонна ауызсу жеткізді.

Сонымен қатар компания облыс орталығының іргесіндегі Соколок каналының құрылысына атсалысып жатыр. 19 техника бөліп, 40-тан аса жұмысшыны жұмылдырды.

NCOC компаниясы зардап шеккендерге көмек берді

Зардап шеккендер үшін көмектің қандайы да маңызды. Мұнай компаниясы 100 мың бөтелке ауызсуды волонтерлік штабтың қоймасына өткізді.

Асухан Нұрбақытұлы, облыстық волонтерлік штабтың мүшесі:

- NCOC компаниясынан 2 күннен бері қабылдап жатырмыз. Кешегі күні 90 тонна, бүгін 30 тонна су қабылдадық. Ол кісілер бізге жалпылама 150 тонна көмек яғни су өнімдерін берді. Оны біз тікелей поезд вагондарына тиеп, Құлсары қаласы, яғни Жылой ауданына жолдап жатырмыз.

Осы күнге дейін облыстық волонтерлік штабқа 505 тонна гуманитарлық көмек өткізілді. Оның ішінде азық-түлік, киім-кешек және көрпе төсеніштер бар. Бұған дейін Атырауға Шымкент, Алматы қалаларынан керуен келген. Енді шетелдік компаниялар да қиналған тұрғындардың қажетін өтеуге ден қоя бастады.

Джанкарло Рую, NCOC компаниясының басқарушы директоры:

- Біз осы төтенше жағдай кезінде және одан кейін де атыраулықтарға қолдаулық танытамыз. Бұл тек бастамасы ғана. Келесі кезекте қолғаптар, құм салатын қапшықтар тағы да басқа тұрғындарға қажет заттарды жеткізіп береміз.

Облыста табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғанда алғашқылардың бірі болып үн қатқан осы NCOC компаниясы болатын. Олар  Атырау қаласын тасқыннан қорғау мақсатында 24 шақырымдық каналдың құрылысын қолға алды. Қазір  компания Соколок арнасының жағалауын бекіту және қосымша арна салу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин