Жетісу облысында «Таза Қазақстан» акциясы апталығына он мыңға жуық адам қатысты

Жетісу облысында «Таза Қазақстан» акциясының «Киелі мекен» апталығына он мыңға жуық адам қатысты.

Студенттер, қоғам белсенділері, коммуналдық және мемлекеттік мекеме қызметкерлері өңірдегі киелі орындарды, монументтерді тазалады. Ауқымды шара ақын Ілияс Жансүгіровтің ескерткіші алаңынан бастау алды.  

Талдықорғандағы «Киелі мекен» апталығы «Ілияс» өлеңдерін оқудан басталды. Себебі биыл қазақтың құлагер ақынының туғанына 130 жыл толады. Шараны мерейтой алдындағы дайындық деп білген студенттер ескерткіш орнатылған аллея аумағын тазартты. Тастұғырдың түбіндегі жерді қопсытып, гүл егетін орын әзірледі. 

Мұратбек Иманғазинов, ілиястанушы: 

- І. Жансүгіровтың туған күні бірінші мамыр. Бірінші мамырға орай жер жерден Ілияс мұрасын зерттеушілер туған туыстары бәрі Ілияс Жансүгіровтың ескерткішіне келіп өлеңдерін оқиды, естеліктерін айтады, ой пікірлерін білдіреді. Осы жөнінен келгенде ескерткіштің алды таза, сүйкімді болу керек деген шара. 

Шығыстың шоқ жұлдызы Шоқан Уәлихановтың мұрасы топтастырылған «Алтынемел» мемориалды музейінде де сенбілік ұйымдастырылды. Мәдениет саласының қызметкерлері мен ауыл тұрғындары мұражай аумағымен қатар этнограф, ғалым жерленген аумақты ретке келтірді. 

Марал Рахатова, Ш.Уәлиханов атындағы "Алтын емел" мемориалды музейінің директоры: 

- Музейімізге жан жақтан туристер келеді. Бұл енді тарихи мәдени нысан болғандықтан абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ағаштарымыз ағашымыз ақталып кесіліп, гүл егіп сондай жұмыстар жасалып жатыр

Тазалық жұмыстары Әбілхан Қастеев, Мұхаметжан Тынышбаев, Абай Құнанбайұлы, Қабанбай батыр, Дінмұхамед Қонаев сынды біртуар тұлғалардың ескерткіштерінде де жүргізілді. Оған жастар мен қатар орта және зейнет жасындағы аға буын өкілдері де қатысты. Ардагерлер «Семей және Чернобыль» апатына арналған монумент маңын абаттандырды. 

Мұстафа Дәуітұлы, облыстық Чернобыль ардагерлері және мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы: 

- Еліміз тазалыққа ұмтылған халық қой. Діні де тазалыққа шақырады. Кие деген тазалықты білдіретін сөз ғой. Сондықтан жақсы іс-шара бұл.

Ғалымжан Оспанов, облыстық "тарихи-мәдени мұраны қорғау" орталығының директоры: 

- Облыс бойынша бізде 226 ескерткіш болса, Талдықорған қаласында 26 ескерткіш бар. Бүгінгі күні аудан қалалық әкімдіктерге жоспарлы тапсырма бойынша барлық ескерткіштерге сенбілік тазалау жұмыстары жүргізілді. 

Алдағы күндері Жетісу облысында 70 шақты тазалық акциясы ұйымдастырылып, Талдықорғанда "Жас отбасылар" аллеясын ашу жоспарланып отыр. Ауқымды шара петроглифтер кешені орналасқан «Қызылтас» шатқалындағы экологиялық фестивальмен қорытындыланады. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Олжас Байбосынов