Р. Зайытов: Тасқынға кінәлі тұлғалар жазалануы тиіс

Елдегі су тасқынына адами салғырттықтың да ықпалы бар. Апаттың алдын алмай, халықты ауыр жағдайға ұшыратқан тұлғалар жауапқа тартылуы тиіс. Осылай деген Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың сөзінше, Атырау облысы мен Құлсары қаласының маңында заңсыз салынған су бөгеттері мен жергілікті биліктің көктемгі су тасқынына әлсіз әзірленгені ауыр зардаптарға әкеліп соқтырды. Сондықтан оқиғаға кінәлі тұлғалардың жауапкершіліктен жалтарып кетуіне жол берілмеуі тиіс. Депутат сондай-ақ көмек алудың талап-шарттарын халыққа кеңінен түсіндіру керектігін сұрады.

Ринат Зайытов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Апат салдарынан зардап шеккен халық өз шығындарының қалай есептеліп, қалай өтелетінін әлі де толық білмейді, өйткені шаралардың нақты алгоритмі жасалмаған, комиссия қалай құрылып, қалай жұмыс жасайтыны жайлы халыққа дұрыс хабарланбаған. Сол себептен комиссия жұмысын жеңілдетіп, халықпен тікелей байланыстыру мақсатында оның құрамына ел сеніміне ие болған жергілікті белсенді азаматтарды қосу керек деп есептейміз.