Жошы ұлысына – 800 жыл

Жезқазған қаласында Жошы Ұлысының 800 жылдығына орай танымал ғалымдардың басын қосқан келелі кеңес өтті.

Басқосуға жиылған ғалымдар «Алтын Орда дәуірінің ескерткіштеріне кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін, арнайы гранттар бөлу керек» деген ұсыныс айтты. Екі күнге жалғасқан шарада, Жошы Ұлысының тарихы бойынша, жаңадан жарық көрген ғылыми зерттеулер мен мәдени мұра нысандарын насихаттау барысы да талқыланды.

Ұлытау ежелден металлургияның орталығы болған. Қола дәуірінің өзінде мұнда мыс өндірілгені тарихтан белгілі. Шыңғыс қағаннан еншісін алған Жошының ордасын осында тігуі де бекер емес. «Сондықтан Ұлытау есімін діни-ғұрыптық дәстүрлермен байланыстырғаннан гөрі мемлекеттіліктің орталығы ретінде қараған жөн»,- дейді ғалымдар.

Жұман Смаилов, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Ұлытау мемлекеттігіміздің орталығы болған. Мемлекеттігіміздің айғағы. Сондықтан Ұлытауды зерттеген кезде бірінші мемлекетіміздің негізі құралған жер деп, осы жерге үш жүз келіп басын қосқан жер деп жазып қойған айғақ.

Жошы ұлысының бізге белгілісі тек жылнамалық тарихы ғана. Оның саяси, мәдени, әдеби тарихы әлі зерттелмей жатыр. 8 ғасыр бұрынғы тарихты сөйлету үшін арнайы құрылған Жошы ұлысын зерттеу ғылыми-зерттеу институты бірнеше жобаны қолға алды. Қазір Ұлық ұлыс туралы түркі, шағатай, парсы тілдерінде жазылған еңбектер зерттеліп жатыр.

Әйгерім Жұмабаева, Жошы ұлысын зерттеу ғылыми-зерттеу институтының хатшысы:

- Тарихи гузадин нусрат-наме жинағында осыған дейін еш жерде жарияланбаған деректер кездеседі.  Соның бірі – Жошы ханның балаларына қатысты. Аталған еңбекті зерттей келе Жошының біз білмейтін де ұлдары болғаны анықталды.

Жошы есіміне байланыстыра отырып, Ұлытауды тарихи туризм орталығына айналдыру алғышарттары 2019 жылдан бері қолға алына бастады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жошы мазарының жанынан үлкен кешен бой көтерді. Қазір Жезқазғанмен жалғайтын жол салынып жатыр. Ғалымдар ендігі меже – ақпараттық насихат дейді. Бұл жайында Президент жақында Атырауда өткен Құрылтайда да айтқан болатын.   

Берекет Кәрібаев, тарих ғылымдарының докторы:

- Қанша жерден тарихи ескерткіштер болғанымен де оны көрсете білу үшін жарнама, ролик керек. Ең бастысы қызыққан адам келген кезде сол шаршамай табиғатқа қарап ләззат алып, келесі жолы қасына бірнеше адамды ертіп келемін деген сезіммен кету керек. Мен сонда айтар едім президенттің тапсырмасы орындала бастады деп. Тек қана дүниежүзі емес, Қазақстанның өзінен Жошы ханды, Алаша ханды білем деушілер 100 есе артқан болар еді.

Ұлытаудың табиғаты қатал. Ғасырлар бойы жел мен суға шыдас берген ескерткіштер соңғы жылдары тозып барады. Сондықтан реставрациялық жұмыстарды жүргізу мерзімін жиілету керек. Жошы ұлысының бай тарихын насихаттау үшін «Отырар кітапханасы» секілді «Ұлытау кітапханасы» сериясымен ғылыми зерттеулер мен түрлі жинақтарды шығару қажет. Конференция соңында ғалымдар осындай қарар қабылдап, тиісті министрлікке жолдады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев