Жетісу облысында қант қызылшасын егу басталды

Биыл аймақ шаруалары 11 мың 500 гектар жерге тәтті түбір егеді.

Маңызды науқанды ойдағыдай өткізу үшін шаруаларға 50 пайыздық жеңілдікпен тұқым және әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы техника құрылғысы берілді. Мемлекет көмегімен шаруалар салаға су үнемдеу технологиясын енгізіп жатыр.

Қант қызылшасы 3 см тереңдіктегі ылғалды топыраққа қоспасымен бірге түсуі керек. Сонда ғана тұқым тез өніп шығады. Ринат Әдіспаев себу құрылғысын сол көлемге ыңғайлаған. Сөйтіп, жер кеппей тұрып іске кірісті. 180 гектарға тәтті түбір себетін шаруа екінші жыл қатарынан жаңбырлатып суару әдісін қолданып келеді.   

Ринат Әдісбаев, шаруа:

- Мына жерден алпыс тонна қызылша алдық. Негізі біздің аудан үшін жақсы көрсеткіш. Бірақ ол ең үлкен көрсеткіш емес. СКЛ биыл енді мақсатымыз кішкене үлкейтсек, 80-100 тонна алайық деп мақсат етіп отырмыз.

Ал Сейітмұхамет Дәуітовтің қант қызылшасын өсіруді кәсіп еткеніне 12 жыл болды. Жақында ғана ол төрт түрлі дақылды дәлдікпен себетін жаңа құрылғыға қол жеткізді. Сол арқылы егістік көлемін ұлғайтқан. 

Сейітмұхамет Дәуітов, шаруа:

- Бұрын он гектар себетінмін. Қазір 30 гектар себем. Болашақта үлкейтіп тағы себеміз. Бізге енді үкімет тарапынан ВПР ларымыз керек болып тұр. ВПР маған 30 гектарға  8 млн бөлінуі керек. Документін бәрін өткізіп қойғанбыз.

Нұрдәулет Кененбаев, Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Қант қызылшасы біздің облысымыздағы басымды дақыл. Сондықтан да оны қолдауға мемлекет тарапынан субсидиясы бар. Оған қолданылатын тұқым, тыңайтқышға мемлекетпен субсидияланады. Оның сыртында облыстық әкімдік тарапынан 2,5 млрд қаражат бөлініп, 62 дана техника жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда 28 сепкіші облысқа жеткізілді. Ендігі кезекте 20 комбайн, 19 жапырақ тазалағыш күзгі науқанға дейін жеткізілетін болады.

Жетісу облысында қант қызылшасының алқабы биыл 3,5 мың гектарға ұлғайтылды. Сөйтіп оның жалпы аумағы 11500 гектарға жеткізілді. Аймақ шаруалары күзде 470 мың тонна өнім жинап, өңірдегі қос зауытқа өткізуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов