Дәрігерлер ауылға бара ма?

Миллионер дәрігер болғың келсе ауылға бар.

Ия, ауылда жұмысқа тұрған ақхалаттыларға 8.5 млн теңге көлемінде бір реттік төлем беріледі. Мұның бәрі кадр тапшылығын шешудің амалы. Енді жас буын қалаға ұмтылмай, ауылды көркейтуге асықса кәні?! Мамандық бойынша үздік шыққандарға ынталандыру сыйлығы беріледі. Қомақты көтерме ақы тағы бар.

Шалғай елді мекендердің тұрғындары денсаулығын тексерту үшін бірнеше шақырым жердегі облыс орталықтарына, аудандарға  сабылуға мәжбүр. Өйткені ауылында маман тапшы. Зейнетке шығатын  мамандардың орнына жастардың барғысы келмейді. Жалақы аз, жағдай жоқ.

Алмагүл Қауышева ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры:

- Бізде ауылдық жерде тапшы мамандар бар. Олардың ішінде терапевт, жалпы практикалық дәрігер, анестазиолог-реанимотолог, акушер-гинеколог сынды дәрігерлер кіреді. Енді осы саладағы түлектердің ауылда тұрып, жүмыс істеуі үшін  бірқатар шешімдер қабылданды. Оның ішінде бір реттік төлем 8.5 млн теңгеге дейін көтерілді. Сондай-ақ тұрғын үйге, көмір мен отынға жеңілдіктер қарастырылған. 

Алдағы уақытта дәрігерлерге «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» деген жаңа атақпен бірге 1000 айлық есептік көрсеткішпен тең бір реттік көтерме ақы беріледі. Ал үздік атанған маманға  500 айлық есептік көрсеткішпен тең  үстемақы қосылады.

Алмагүл Қауышева ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры:

- Жастар ауылға барғанымен, біраз уақыт тұрып қайтып кетеді. Ол үшін тек жалақы немесе арнайы көмектерден бөлек, ауылдың инфраструктурасы да дамуы қажет. Мектеп пен балабақша заманға сай болғаны жөн.

Бүгінде медицина қызметкерлерінің 7 пайызы зейнет жасына таяған мамандар. Бұл алдағы  6-7 жылда 14-15 пайызға дейін жетуі мүмкін. Сондықтан салаға жас мамандар қажет.

Әсел Қыдыралиева, Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басқарма басшысы:

- Бізде маман жетіспеушілігі бар. Оның ішінде қазіргі таңда осы жүйемізде 8 мыңнан аса маман жетіспейтін болса, оның ішінде 4600-ге жуығы дәрігерлер яғни жоғары буын мамандары. Ең жетіспейтін мамандардың ішінде ең қажетті үш мамандықты атайтын болсақ, өздеріңізге белгілі анестазиолог- реанимотолог мамандары, акушер-гинеколог мамандары және де неанотолог мамандары.

Жаңа заң аясында медицина қызметкерлері артық есеп пен ақпарат беруден босатылады. Мамандардың құқығын қорғау заңы да қатаңдай түседі.

Авторы: Зарина Кәп, Мұрат Арипханов