Түркістан облысында зиянкеске қарсы химиялық өңдеу күшейтілді

Шегірткелер де құр жатпапты.

ес бірдей ауылдың маңына ошақ салған. Күннің көзі жылыса өре түрегеледі. 

 Түркістан облысында зиянкескердің ошағын оқшаулау үшін бүрку машиналарына қоса, арнайы ұшақтар да жұмылдырылды. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Биыл Келес ауданының өзінде аса қауіпті мароккалық шегіртке бес бірдей ауылдық округке тарап кеткені белгілі болды. Егістік пен жайылымдық жерлерден зиянкестердің ошағы табылды. Осыған байланысты өңірде химиялық өңдеу жұмыстары күшейтілді. Мамандар арнайы дәрілерді мынадай АН-2 ұшақтарымен де шашуға кірісті. 

Әуе кемесі күніне 12 рет аспанға көтеріліп, жүздеген гектар жерге улы сұйықтық шашуға мүмкіндік берді. Одан бөлек, зиянкестерді оқшаулауға 12 арнайы техника тартылды. Химиялық өңдеу Жамбыл мен Бозай ауылдық округтерінде аяқталса, әрі қарай Бірлік, Ошақты және Қошқарата елді мекендерінде жүргізіледі. 

Сүлеймен Жылқыбаев, Келес ауданы әкімінің орынбасары:

- Үш препарат берілген биыл 2024 жылға. Қазір екінші препаратты сеуіп жатырмыз. Тағы үшінші препаратымыз бар. Біздің ендігі жоспарымыз осы 5-мамырға дейін Келес ауданы бойынша дәрілеу жұмыстарын аяқтаймыз деген жоспарымыз бар. Қай жерде қандай да бір ошибка болып жатса, оны дер кезінде түзету үшін біз күнделікті штаб отырысын өткізіп жатырмыз.

Мароккалық шегіртке топтасып алып, төңірегіндегі өсімдік атаулыны түгел жайпайды. Сондықтан «олар қанат жаймай тұрғанда қарсы күресті күшейту қажет »,-дейді мамандар. Зиянкестердің толық жетілуі үшін санаулы күн қалғанда химиялық өңдеу мен зерттеу жұмыстары қатар қолға алынды. Әзірге 63 мың гектар жерден 400-ден аса ошақ анықталды. 

Ерасыл Түймебай, "Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы" аудандық филиалының басшысы:

- Дернәсілдердің 40% бір жаста. 60% - екі жаста. Мамырдың бірінші онкүндігінде олар қанат шығара бастайды. Біз оған дейін анықтау-зерттеуді бітіріп, өңдеу жұмыстарын да қатар ала келе, толық аяқтауымыз қажет. Әйтпесе қанат шыққаннан кейін ұшып, бағынбай кетуі мүмкін.

Зиянкестен келетін залал ауыл шаруашылығының еңбеккерлеріне жақсы таныс. Былтыр Қошқарбек Жақыповтың 300 гектар жайылымдық жерін мароккалық шегіртке тып-типыл етті. Төрт түлік малға көрші аудандардан жем-шөп тасып, әбден шығынға ұшырағанын айтады. Биыл ауыл ақсақалдары да химиялық өңдеудің басы-қасында жүр. 

Қошқарбек Жақыпов, Бозай ауылының тұрғыны:

- Қайбір жылы осы жердегі пісіп тұрған қарбыздарды жеп кетті. Біздің мал жейтін шөптің бәрін құртып кетті. Ол халыққа зиян. Енді Құдай қаласа жұмыс істеп жатыр ғой. Жергілікті халықтың өзі де жердем беріп жатыр.

Штаб мүшелері өңірдегі жағдайды бағамдап, өңдеуге қолданылатын препараттың дозасын арттыруға шешім қабылдады. Осылайша жұмыс өнімділігі артып, уақыттан ұтылмауға мүмкіндік туады деп отыр.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы