Жайық өзенінің жағалауы нығайтылуда

Үкімет басшысы Атырау облысында су басу қаупін азайту үшін қабылданып жатқан шаралардың барысымен танысты.

Соңғы тәулікте Батыс Қазақстан облысынан келетін судың әсерінен Атырауда су деңгейі 6 см-ге көтерілген. Олжас Бектенов өңірдегі тұрғын үй алаптарын нығайту, сондай-ақ Жайықтың өткізу қабілетін арттыру үшін өзен түбін тереңдету жұмыстарының қарқынын тексерді. Сондай-ақ тиісті күштердің де дайындық деңгейімен танысты. Бүгінгі таңда аймақта су тасқынының алдын алу шараларының 92 пайызы орындалды. Жұмысты тиімді жүргізу үшін қала 111 секторға бөлінген. Ұзындығы 482 км қорғаныс бөгеттері салынды. Жұмыстарға 6 мыңға жуық әскери қызметші, әкімдік қызметкерлері, 2 мыңға жуық техника жұмылдырылған. Зардап шеккен 3  271 отбасыға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржылық көмек көрсетілген. Залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия жұмысын жалғастыруда.