Ақтөбе облысында кәсіпкерлер судан зардап шеккендерге көмектесіп жатыр

Ақтөбе облысында тасқын судан зардап шеккендерге көмектесіп жатқан кәсіпкер көп.

Бірі қиын жағдайда қалған тұрғындарға мал мен егістік үшін арпа-бидай тұқымын берем десе, енді бірі баспанасынан айрылғандарға өз ауылынан 10 үй ұсынып отыр. Жұмыс береміз деп те уәде беріп жатыр.

Орынбай Жолмұрат – жұртқа жақсылық жасауды әдетке айналдырған кәсіпкерлердің бірі. Жиырма жыл бұрын шаруа қожалығын ашып, қой, сиыр және жылқы өсіруді қолға алған ол туған ауылы Ақтастыда көмекке мұқтаж жерлестерін әрдайым қолдап келеді. Шалғайда жатқан елді мекенге еріген қар суы келгенде ауылдастармен бірге 10 күн дамыл таппады. Қолда бар техникаларын да жұмылдырған. Ауыл шетінде әлі мол су бар. 

Орынбай Жолмұрат, шаруа қожалығының басшысы:

- 16 жасар балама дейін рульге мініп алып, 4 шақырым суды, мынау Толыбай ауылынан бір аурулар (науқас) келді. Соларды бала болса да отырғызып амал жоқ тасыттым. Сондай ауыр уақытта елдің бүкіл азаматы көтерілді. Солардың арқасында тоқтатты суды.

 Тәжірибелі кәсіпкер қарғын судан зардап шеккен жандарға да көмек көрсетпек ойда. Ал өзі ауылдағы білім ұясына қажет заттарды алып беруге үнемі қол ұшын созып келеді. Мектептің спорт залы мен еңбек пәніне қажетті құрал-саймандарды да сыйға тартқан. Енді, көлік алып беру үшін жауапты мекемелерге жиі барып жүр. 

Сәния Аяпова, Ақтасты орта мектебінің директоры:

- Аудан, облыс бойынша, республика бойынша байқауларға, сайыстарға қатысуға мүмкіндіктер бар. Бірақ бізде қиналатын жеріміз көлік болмайды. Сосын бізде дейтін білім жағынан қарасақ, байқаулар болады. үздік мұғалімдер болады, сынып жетекшілері болады. Соларға да көмек ретінде керек.

Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетем деушілер өңірдің әр өңірінен шығуда. Мәселен, Қарғалы ауданында егін егетін ірі шаруашылық қиын жағдайда қалғандар үшін 200 қой мен 50 баспақ бөлді. Сондай-ақ, бидай мен арпа тұқымдарынан 100 тоннадан бермек. Ал алғалық кәсіпкер Амангелді ауылынан 10 отбасына үй беретінін жеткізді.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев