Ақтөбе облысында автобус қатынай бастады

Ақтөбе облысының бірқатар ауданына қоғамдық көлік қатынасы қайта жанданды.

Себебі жолаушылар бұған дейін діттеген жерге жету үшін тек такси жалдап жүретін. Тұрақты рейстерді ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен субсидия бөлінді. 

Ақтөбеден Қандыағаш қаласына автобус осыдан 10 жыл бұрын қатынаған. Тұрғындар осы күнге дейін такси немесе пойызбен амалдап келетін. Осына ұтымды пайдаланған таксишілер 90 шақырым үшін жолақысын жылына бірнеше рет көтерген.

Жолман Тергеусізов, қала тұрғыны:

- Таксидің бағасы өте қымбат. 2 мың теңге алады. Масқара. Сағат 5-ке таман 5 мыңға дейін барады. Талай жүрдік. Мына автобус шыққанына бәріміз қуанып жатырмыз. 

Елді мекендер арасында жолаушылар тасымалын ұйымдастыру үшін жылда тендер жарияланады. Бірақ автобус иелері оған қатыспайды. Себебі шұрқ-тесік жолдан кірістен гөрі шығыс көп. 

Нәкеш Сармұханов, зейнеткер:

- Такси қатты айдайды. Бір сағат он бес минутта ұшырады кәдімгі. Самолет. Ал мынау жақсы. Жай жүреді. Рахат. Жайлап, асықпай. Отырасың ұйықтап барасың. Өте жақсы. Халыққа жақсы болды. 

Тасымалдаушы мекеме лизингке 8 автобус рәсімдеп 4-ін Ақтөбе - Қандыағаш бағытына шығарды. Қалғаны облыс орталығынан Хромтауға қатынайды. 

Шәкима Шібекбаева, қала тұрғыны:

- Бұрынғыдан әлдеқайда жақсы. Қыста болған жоқ автобустар. Қазір сағат жарым сайын жүреді. Ақтөбеден де, Хромтаудан да. Жақсарып келе жатыр. 

Облыста ауылдарға қатынайтын 10 автобус маршруты бар. Тасымалдаушыларға мемлекеттен қолдау бар. Әлеуметтік бағыттардың бәріне субсидия қарастырылған. Әр сатылған билетке жергілікті бюджеттен 220 теңге үстемақы төленеді. 

Есбол Базарғалиев, жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының бөлім басшысы:

- Айдың аяғында осы конкурс Ақтөбе-Шұбарқұдыққа қатысып жатыр тасымалдаушылар. Егер талаптарға сай келсе, осы Шұбарқұдық бағытында да тасымалдаушы шығып, автобус қатынасы жолға қойылатын болады. Ал, мына Ырғыз, Комсомол бағытында ол қазір жол жағдайына байланысты қазір автобус қатынасын ұйымдастыру мүмкін болмай отыр.  Өйткені келетін тасымалдаушылар аз. 

Былтыр жолаушылар тасымалын субсидиялауға бюджеттен 136 млн теңге бөлінді. Биыл тағы 148 млн теңге қарастырылған. Бұл әлеуметтік маңызы бар саналатын шалғайдағы елді мекендермен қоғамдық көлік қатынасын орнатуға мүмкіндік береді.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутоты