Ғылым және білім беру туралы заңға өзгерістер енгізілді
40 жасқа толмаған дарынды жас ғалымдарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының эндаумент-қорының инвестициялық кіріс қаражатынан стипендия алу құқығы беріледі.
Мемлекет басшысы ғылым және білім беру мәселелеріне қатысты заңға қол қойды. Құжатқа енгізілген түзетулердің бірінші блогы педагогтер мен ғылыми қызметкерлердің материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған. Атап айтқанда, белгілі бір ғылыми дәрежесі мен атағы бар педагогтер үшін ай сайын төленетін қосымша ақы мөлшері ұлғайтылды. Заңға енгізілген түзетулердің екінші блогы әскери қызметшілерге білім беру жеңілдіктерін енгізуді көздейді. Нақтырақ айтқанда, мерзімді әскери қызметін өтегеннен кейін әскери қызметшілердің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқуы үшін білім беру гранттарына квоталар енгізілді. Сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілердің қаражаты есебінен қаржыландырылатын ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобалары жетілдіріледі. Жергілікті атқарушы органдарға ғылым мен ғылыми-техникалық қызметті дамыту үшін тиісті жағдай жасау бойынша бірқатар өкілеттік беріледі.