Ақсудағы пансионатта қызметкерлер қарттарды қорлап келген

Павлодар облысының прокуратурасы

Ақсу қаласының прокуратурасы қадағалау қызметін жүзеге асыру барысында жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын пансионаттардың бірінде қарттарға қатыгездік көрсету фактілерін анықтады.

Мекемеде түсірілген бейнежазбаларды зерттеу барысында қорқынышты фактілер ашылды: пансионат қызметкерлері тұрақты екі дәрменсізді ұзақ уақыт бойы қорлап, зорлық-зомбылық көрсеткен.

Жәбірленушілердің бірінің жасы - 84-те.

Оларды үнемі ұрып-соғып, қолдарын бұрап, қыстың суығында сырт киімсіз аулада ұстаған.

Осы факті бойынша Ақсу қаласының прокуратурасы ҚР ҚК 110-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Қазіргі уақытта барлық кінәлі адамдар анықталды.

Тергеу барысы прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.

 

Павлодар облысының прокуратурасы