Қазақстанда бір жылда жол апаты екі есеге көбейді
Жолда апат көбейді, деп хабарлайды 24KZ. Бір-екеу емес, бірнеше көлік соқтығысып жатыр. Былтыр елде 31 мыңнан астам көлік апаты болған. Бұл одан арғы 2023 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Жол апатының басты себебі – күннің қолайсыздығы емес, тәртіпке көнбейтіндердің әрекеті. Иә, былтыр 2,5 мың адам жол бойында опат болып, 40 мыңы жарақат алған.
Астана. Алып шаһарда көлік ағыны қарқынды. Бүгінде бас қаланың өзінде 420 мыңнан астам темір тұлпар тіркелген. Оған көрші елді мекендерден келетін көліктерді қосқанда көрсеткіш көбейетіні күмәнсіз. Ал мұндағы жүргізушілердің 30%-і үнемі жол ережесін бұзады екен. Сол себепті тасжолдарда түйісіп қалатындар көп.
Бауыржан Тоқжұманов, Астана қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:
- 2025 жылдан бастап Астана қаласының аумағында 4000-нан астам жол-көлік оқиғалары тіркелді. Жол-көлік оқиға салдарынан 138 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Қайтыс болған адамдар жоқ. Көбінесе жол жүру ережелерін, талаптарын жүргізушілер ұстанбайды. Мысалы, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтеді. Жол белгілерінің талаптарын сақтамайды не болмаса жылдамдықты асырып, жол-көлік оқиғаларына әкеп соқтырады.
Елде барлығы 5,5 млн көлік бар. Кейінгі 10 жылда темір тұлпардың саны 2,5 есеге көбейген. Сосын бір жылда жол апаты екі есеге артқан. Былтыр бас-аяғы 31 көлік оқиғасы тіркелді. Ал биыл...
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі:
- Ағымдағы жылы 2 мыңнан астам ЖКО тіркелген. Онда 100-ден астам адам қаза тауып, 3 мыңға жуық адам әртүрлі дене жарақаттарын алған. Былтырғы жылдың бір айымен салыстыратын болсақ, адам шығыны 5%-ке төмендеген. Осыдан 10 жыл бұрынғы адам шығынының саны 4500 болатын жылына. Қазіргі таңда енді 2500 төмендетіп отырмыз. Әрине, сандар өте үлкен, әлде де бұл бағытта ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жол апаттарына көбіне көлік тізгіндегендердің қарапайым ережелерді ескермеуі себеп. Былтыр қазақстандық жүргізушілер 12 млн мәрте заң бұзған. Соның 45%-і – жылдамдықты шегінен асыру.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Аружан Серікқызы, Марат Диханбаев.