Сырдарияда сең қозғалды

Сырдарияда сең жүрді. Жылжыған мұз Жалағаш ауданының тұсынан өтіп бара жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Төтенше жағдайлар қызметі су деңгейін тәулік бойы бақылап отыр. Мамандардың айтуынша, 70 мың тұрғыны бар 29 елді мекен қауіпті аумақта тұр. Жаңақорған, Шиелі және Қызылорда қаласының тұсындағы өзен арнасы мұздан толық тазарды. Ал солтүстік аудандарда мұздың қалыңдығы 40 сантиметрге жеткен. Наурыздың 7-сі мен 13-і аралығында Қазалы мен Арал аудандарының маңында сең қозғалады деген болжам бар. «Өзен бойында мұз кептеліп қалса, арнайы мекеме мамандары мұз жару жұмыстарына кіріседі», - дейді құтқарушылар.

Бейбітхан Спанов, облыстық ТЖД басқарма басшысы:

- Әзірге мұздың жару жағдайы байқалмайды. Қазіргі уақытта сол аралықтардың барлығы тұрғын үйлердің, мал шаруашылық иелеріне су кенеттен көтеріле қалған жағдайда эвакуациялауға, үй жануарларын қауіпсіз аумаққа шығаруға, үгіттеу-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, Сырдария өзенін әуеден бақылау бағытында 6 рет маниторинг жұмыстары жүргізіліп, қауіпті деген учаскелер анықталған болатын.