Алматыдағы қоймалардың бірінен өрт шықты
Алматыдағы қоймалардың бірінен тағы өрт шықты, деп хабарлайды 24KZ. Бұл жолы тілсіз жау Алатау ауданы Самғау шағынауданындағы қойманы шарпыды.
Бұл жерде базарда жұмыс істейтін саудагерлердің жүктері сақталған. Қызыл жалынмен күресуге 90-ға жуық адам, 25 техника жұмылдырылды. Көмекке автопойыз тартылды. Өрт сөндіру бөлімшелерінің жедел іс-қимылдарының арқасында көршілес қоймаларға оттың таралуына жол берілген жоқ. Қазір 1400 шаршы метр жердегі өрт оқшауланып, толық сөндірілді. Абырой болғанда, зардап шеккен ешкім жоқ. Өрттің шығу себебін арнайы зертхана қызметкерлері анықтайды.