ШҚО-ның үш ауданынан сарып дертінің ошағы анықталды
Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері бруцеллёз ауруының үш бірдей ошағы тіркелді, деп хабарлайды 24kz.
Індет Марқакөл, Зайсан және Үлкен Нарын аудандарында байқалған. Бұл туралы облыстық ветеринариялық қызмет хабарлады. Марқакөл ауданында екі тұрғын сарып дертіне шалдығып, медициналық мекемеге жүгінген. Эпидемиологиялық тексеріс барысында аталмыш үш ошақта науқастармен жанасқан 12 адам анықталып, барлығы да бақылауға алынды. Оларға профилактикалық және емдік шаралар толық көлемде жүргізілді. Бруцеллёз – негізінен малдан адамға жұғатын инфекциялық ауру. Сондықтан эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте үй жануарларына вакцина егу жұмыстары қолға алынады. Қазіргі таңда облыс бойынша 5 миллион дозаға жуық арнайы вакцина және бруцеллёзді анықтауға арналған диагностикалық тест дайын. Аурудың алдын алу және ерте диагностикалау мақсатында республикалық бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.
Сәуле Сләмғазина, ШҚО бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Жалпы эпидемиологиялық тексеру бойынша 13 сынама алынған осы үш ошақтан. Барлық сынама бруцеллёзге теріс нәтиже берді. Негізі бруцеллезді адам малдан жұқтырып алады немесе ет-сүт өнімдерінен. Жалпы бізде төрт науқас тіркелді бәрі бруцеллез індетіне оң нәтиже берген малмен қарым-қатынаста болған адамдар.