Шымкентте қарақұрт шаққан 5 адам дәрігер көмегіне жүгінді

Күн ысығалы бері Шымкент қаласында 5 адамды қарақұрт шаққан, деп хабарлайды 24kz.

Тағы 3 жасөспірім белгісіз улы зиянкестен зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінген. Барлығына гипербарикалық оксигенация орталығында стационарлық ем-дом жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, қазір науқастардың жағдайы тұрақты, амбулаториялық бақылауға алынған. Ал түнде түскен 9 жастағы бала жансақтау бөлімінде емделіп, аман қалды. Биыл қарақұрттар жылдағыдан ертерек оянды. Сол себепті тұрғындарға сақтық шараларын қатаң сақтау ескертіліп жатыр. Құтқарушылар аула мен үй айналасын тазартып, табиғат аясына шыққанда аса мұқият болуға шақырады. Былтыр жаз мезгілінде 30 адам қарақұрттан зардап шеккен.

Мәдина Ермаханбетова, қалалық гипербарикалық оксигенация орталығының бас дәрігері:

- Бізге қарақұрттың да, жыланның шағуы, сарышаянның шағуынан да көп адам келеді. Бұл жәндіктердің бәрі тыныштықта өз ортасында өмір сүреді. Бірақ олардың тыныштығын бұзғаннан кейін олар да адамдарды шаға бастайды. Ауырсынумен келетін болса қарақұртқа арналған уына қарсы вакцина жасаймыз.