Атырау облысында сиыр қырылып жатыр
Жылыой ауданының Ақкиізтоғай ауылында 13 бас ірі қара өлген, деп хабарлайды 24kz.
«Іргедегі Жем өзенінен су ішкен мал індетке ұшырады», - деп ауылдықтар дабыл қағып отыр. Өлген малды сойып көргендер ішкі құрылысының іріп, өтінің жарылғанын анықтаған. Қазір судан уланды деген болжам айтылуда. Ауыл тұрғындарының айтуынша, өзен арнасын кеңейтіп, шлюз сала басталғалы малдың өлуі жиілеген. Ветеринарлар су мен өлексенің сынамасын алып, зертханаға жіберді.
Бекарыс Меңдіқұлов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринария бөлімінің бас маманы:
- Қазіргі уақытта өлген малдың барлығынан сынамалар алынып, Атырау облыстық ветеренарлық зертханаға улануға қарсы және аса қауіпті ауруларды қарсы зерттеуге жіберіліп отыр. Зерттеу нәтижесі шыққаннан кейін қосымша хабарлайтын боламыз.