Павлодар облысында үй құстары қырылып жатыр
Ақтоғай, Железин, Шарбақты және Тереңкөл аудандарындағы бес ауылдық округте шамамен 1,5 мың бас құс өлген.
Өлекселерден патологиялық материал алынып, құс тұмауы мен Ньюкасл ауруларына тексеру үшін Астанадағы зертханаға жөнелтілді. Сараптама нәтижесі 15 күн ішінде белгілі болады. Мамандар індет жабайы құстардан жұққан болуы мүмкін дейді. Бұл ауылдардың маңында су қоймалары бар. Оның үстіне 1 қыркүйектен бастап аңшылық маусымы басталды. Еске сала кетейік, мамыр-маусым айларында үй құстары жаппай құс тұмауына қарсы егілді. Бұл мақсатта 214 мың доза вакцина бөлінді. Ауылдарға әзір карантиндік шектеулер енгізілген жоқ. Соңғы рет құс тұмауы осыдан бес жыл бұрын, 2021 жылы тіркелген.
Ғалым Бейсенов, облыстық ветеринария басқармасы басшысының м.а:
- Бүгінгі таңда өлген құстан және ауырып жатқан құстардан сынамалар алынды. Ол Ұлттық референттік орталыққа жіберілді ветеринария бойынша. Сол жақтан нәтиже келгенде оң нәтиже келгенде сол ауылға карантин салынып, құстың саны жойылады. Бірақ сол өлген құстың, сол жойылған құстың құны өтеледі Үкімет тарапынан.