Алматы облысында жол апатынан жеті адам қаза тапты
Желтоқсанның бірінен екісіне қараған түні Алматы облысында жол апаты болып, жеті адам қаза тапты. Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы оқиға Алматы-Бішкек бағытындағы тас жолдың 129-шы шақырымында болған.
Honda Odyssey көлігі алдында келе жатқан HOWO жүк көлігіне соғылған. Салдарынан жеңіл машина ішіндегі жеті адам қаза тапты. Олардың арасында сурдоспорт қозғалысының бес өкілі болған. Бұл жайында Ұлттық сурдлимпиада комитетінің вице-президенті Арсен Шақуов өзінің Facebook-тегі парақшасында мәлімдеген. Оның айтуынша, спортшылар Бішкекте өткен есту қабілеті бұзылғандар арасындағы футбол жарысынан елге қайтып келе жатқан. Енді қазір болған оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарына кіріскен.