Өрт сөндірушілер балаларды тұрғын үйде шыққан өрттен құтқарды
Талдықорған қаласы Қаратал шағын ауданында бес қабатты көп пәтерлі тұрғын үйде өрт шықты. Өрт бірінші қабаттағы пәтерде тіркелген, салдарынан кіреберісі тығыз түтінге толды, деп хабарлайды 24KZ ТЖМ-нің Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап.
Оқиға орнына жедел түрде ТЖД бөлімшелері келді. Құтқару барысында автосатының көмегімен жоғарғы қабаттағы терезелерден 8 адам, оның ішінде жеті бала құтқарылды.
Зардап шеккендер жоқ. Алдын алу мақсатында құтқарылғандардың барлығы қосымша медициналық тексеру үшін Талдықорған қаласының облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Өрттің себебі анықталуда.