Қарағандыда полицейлер «еліткіш газдың» заңсыз саудасын тоқтатты
Қарағанды қаласында полицейлер «еліткіш газ» ретінде белгілі азот тотығының заңсыз саудасын тоқтатты.
Тексеру барысында массаж салондарының бірінен көлемі 10 литрлік екі баллон азот тотығы және оны тұтынуға арналған шар қаптамалары тәркіленді. Азот тотығы медицинада жансыздандыру мақсатында, сондай-ақ тағам өнеркәсібінде қолданылады. Дегенмен, мамандар оны тыныс арқылы қабылдану қысқа мерзімді эйфория әсерін бергенімен адам денсаулығына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін екенін ескертеді. Арнайы операция «Заң және тәртіп» стратегиясы аясында жүргізілді.
Қайыржан Тоқубаев, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
- Қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасында күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін, оның ішінде «еліткіш газ» деп аталатын азот тотығына қатысты қылмыстық жауапкершілікті көздейтін заңнамалық түзетулер күшіне енді. Оны заңсыз әкелу, сақтау, тасымалдау және өткізу әрекеттері қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң түрде тоқтатылатынын ескертеміз. Құқық бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.