Ақмола облысында зауытта газ қоспасы атылып, екі жұмысшы жарақат алды

Фото: depositphotos.com

Ақмола облысы Жібек жолы ауылындағы сүт зауытында газ қоспасы атылып, салдарынан екі жұмысшы жарақат алды, деп хабарлайды «24KZ».

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оқиға кәсіпорынның жер асты резервуарынан отын жеткізілетін қоймада газдың ағуы салдарынан болған. Жиналған газ-ауа қоспасы атылып, нәтижесінде екі ер адам ауыр күйік алған.

 Жарақат алған азаматтар дереу Астана қаласындағы №1 қалалық ауруханаға жеткізілген. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, екі науқастың да жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде. Қазір оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Ал, Төтенше жағдайлар министрлігі оқиғаның газ-ауа қоспасының атылуынан шыққанын растады. Алайда, өрт болмағандықтан  оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары тартылмаған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда.