Маңғыстау облысында 84 литр контрабандалық алкоголь тәркіленді

Фото: finance.rambler.ru

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті заңсыз алкоголь өнімдерінің ірі партиясын тәркіледі, деп хабарлайды 24KZ.

2026 жылғы 20 сәуірде «Бейнеу» кеден бекетінің қызметкерлері ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметімен бірлесіп, Бейнеу станциясында № 329 «Душанбе – Волгоград» жолаушылар пойызына кедендік бақылау жүргізу барысында шетелдік өндірістің 84 литр (168 бөтелке) декларацияланбаған алкоголь өнімдерін тәркіледі.

Тауар өзбекстандық азамат Ю-дің (1994 жылы туған) жеке заттарының арасынан табылған. Әйел алкогольді Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы міндетті декларациялаусыз және кедендік төлемдерді төлемей, жасырын алып өтпек болған.

Бейнеу аудандық сотының шешімімен Өзбекстан азаматы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 545-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 64 875 теңге (15 айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде айыппұл салынды.