Алматы әуежайында швейцариялық ұшақ шұғыл қонды: себебі белгілі болды
2026 жылғы 6 мамыр күні сағат 12:48-де Алматы халықаралық әуежайы аумағында Сеул – Цюрих бағыты бойынша ұшып келе жатқан Airbus A350 шұғыл қону жасады. Ұшақ Swiss International Air Lines әуе компаниясына тиесілі. Шұғыл қонуға екінші ұшқыштың жағдайының нашарлауы себеп болған, деп хабарлайды «24KZ».
Ұшақ бортында 227 жолаушы және 14 экипаж мүшесі болған. Ұшу барысында екінші ұшқыштың жағдайы нашарлап, оған жолаушылар арасындағы үш дәрігер алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Олар ұшақты жақын маңдағы әуежайға қондыруды ұсынған.
Swiss International Air Lines өкілдерінің айтуынша, экипаж осы ұсынысқа сүйеніп, ұшақты Алматы қаласына бағыттаған.
Алматы әуежайының баспасөз қызметі, орын алған жағдайға қатысты мәлімдеме жасады.
Ұшақ қонған сәтте әуежайдың медициналық қызметі дайын тұрған. Мамандар алғашқы медициналық көмек көрсетілгенін, ұшқышқа жедел абдоминалдық синдромға күдік болғанын хабарлады. Одан әрі тексеруден өтіп, қажетті ем алу үшін ұшқыш №4 қалалық ауруханаға жеткізілді.
Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде экипаж 7700 кодын берген. Бұл код әуе кемесінде апатты жағдай туындағанын білдіреді. Ұшақ Алматыға Швейцария уақыты бойынша сағат 09:47 шамасында қонған.