Ақтөбеде ауыл әкімі өз-өзіне қол жұмсады
Ақтөбе облысы Темір ауданына қарасты Кеңқияқ ауылдық округінің әкімі Қуанышбек Серікжановтың қайтыс болуына байланысты тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды «24KZ».
Полиция мәліметінше, 1983 жылы туған азаматтың өлімінен кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Қуанышбек Серікжанов 4 мамыр күні қызметтен босату туралы өтініш жазып, 5 мамырда ресми түрде жұмыстан кеткен.
Марқұм 2014 жылдан бері мемлекеттік қызметте жұмыс істеді. 2023 жылдың мамыр айынан Темір ауданы Кеңқияқ ауылдық округі әкімінің орынбасары, 2023 жылғы 15 қазаннан бастап Кеңқияқ ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған.
Айта кетейік, бұған дейін Темір қаласында да осындай оқиға тіркелген. Сондай-ақ, Алға ауданы Бестамақ ауылдық округінің әкімі өз-өзіне қол жұмсамақ болған, кейін ауруханадан шыққан соң қызметіне қайта оралған.