Қытайдан жүк көліктерін заңсыз әкелу схемасы әшкереленді

Фото: depositphotos.com

Астанада экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін FAW маркалы жүк көліктерін Қазақстанға заңсыз әкелу схемасы анықталды, деп хабарлайды «24KZ».

Тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен жүргізген.

Тергеу мәліметінше, бір топ адам өз бақылауындағы ЖШС-тер арқылы «Евро-2» экологиялық класына жататын арнайы техникаларды Қытайдан заңсыз импорттаған. Қазақстанда «Евро-4»-тен төмен стандарттағы көліктерді әкелуге тыйым салынғанына қарамастан, кедендік рәсімдеу кезінде жалған құжаттар пайдаланылған.

Атап айтқанда, көлік құралдарының қауіпсіздік сертификаттары қолдан жасалып, онда техниканың «Евро-5» стандартына сай екені көрсетілген. Нәтижесінде ел аумағына жалпы кедендік құны 284 млн теңгеден асатын 20 бірлік арнайы техника заңсыз әкелінген.

Кейін бұл техникалар байланысы бар компаниялар арқылы сатылып, мемлекеттік сатып алу аясында 600 млн теңгеден астам сомаға жеткізілген.

Сот санкциясымен күдіктілердің 9 автокөлігі мен бір пәтеріне тыйым салынды. Күдіктілердің бірі қамауға алынып, тағы екі адамға елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы қолданылды.

ҚМА мәліметінше, экологиялық стандарттарға сай келмейтін көліктер қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіріп, ауа сапасының нашарлауына және халық денсаулығына қауіп төндіреді.