Косметологиялық клиникада әйел көз жұмды: министрлік тексеру бастады
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі косметологиялық клиникада емшарадан кейін әйелдің көз жұмған жағдайын ерекше бақылауға алды, деп хабарлайды «24KZ».
Ведомство мәліметінше, министрдің тапсырмасымен оқиғаға байланысты жан-жақты тексеру жүргізіледі. Оған бейінді мамандар мен аумақтық департаменттер тартылады.
Тексеру барысында клиниканың лицензиясы, көрсетілген медициналық қызметтердің стандарттарға сәйкестігі, медицина қызметкерлерінің біліктілігі, сондай-ақ шұғыл көмек көрсету хаттамаларының сақталуы қаралады.
Министрлік марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Сондай-ақ ведомство инвазиялық косметологиялық емшаралардың медициналық араласуға жататынын және тек лицензиясы бар медициналық ұйымдарда білікті мамандар тарапынан жүргізілуі тиіс екенін еске салды.
Тексеру қорытындысы бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда материалдар құқық қорғау органдарына беріле отырып, заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады, – делінген министрлік хабарламасында.
Министрдің тапсырмасымен елдегі барлық косметологиялық қызмет көрсететін ұйымдарға мониторинг күшейтілетіні айтылды.