Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтардың құқығын сақтау бойынша 913 тексеру өтті

фото: depositphotos.com

Биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында мүгедектігі бар адамдар мен арнаулы әлеуметтік қызмет алушылардың құқықтарын сақтау бойынша 913 тексеру жүргізілді, деп хабарлайды «24KZ».

Бұл маңызды тексеруді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аймақтық департаменттеріндегі мемлекеттік әлеуметтік инспекторлар жүзеге асырды. Қырағы бақылаудың нәтижесінде анықталған олқылықтар мен заңбұзушылықтарды тез арада жою туралы 625 нұсқама берілді. Сонымен қатар жалпы сомасы 67 млн теңгеден асатын 290 айыппұл салынды.

Тексерудің 335-і жоспардан тыс жүргізілсе, 452-сі профилактикалық бақылау аясында өтті. Ал 126 тексеру прокуратураның талабы бойынша ұйымдастырылды. Мұндай тексеру еліміздің барлық өңірінде өтті. Тексеру көп жүргізілген өңірлердің қатарында Алматы облысы (110), Алматы қаласы (81), Астана қаласы (79), Түркістан облысы (63) және Батыс Қазақстан облысы (56) бар.

Әлеуметтік инспекторлар мүгедектігі бар адамдар үшін ортаның қолжетімділігіне, қауіпсіздігіне және қажетті әлеуметтік қызметтерді кедергісіз алу мүмкіндігіне ерекше назар аударады. Олар арнаулы әлеуметтік қызметтердің көрсетілуін, әлеуметтік және көлік нысандарының қолжетімділігін, сондай-ақ оңалту шараларының орындалуын тексереді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: