«Жүргізуші кінәлі емес»: Астанадағы қайғылы жол апатынан қаза тапқан баланың анасы халыққа үндеу жасады

Фото: depositphotos.com

26 мамыр күні Астана қаласы, Тәуелсіздік пен Пушкин көшелерінің қиылысында болған қайғылы жол апатынан кейін қаза тапқан баланың анасы әлеуметтік желіде әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды «24KZ». 

Марқұм Глебтің анасы ұлының өте белсенді, өмірсүйгіш әрі тынымсыз бала болғанын айтып, қара жамылса да, болған жағдайға жүргізушіні кінәламайтынын жеткізді. 

Шексіз қайғымызға ортақтасқан барша жанға рақмет. Ұлымыз Глебтен айырылып қалдық. Ол өте белсенді, көңілді, шапшаң әрі өмірге құштар бала еді. Қазір өзімізді де, жүргізушіні де, велосипедті де кінәлауға болады. Бірақ одан ештеңе өзгермейді.

Жүк көлігінің жүргізушісі кінәлі емес. Ештеңені кері қайтара алмаймыз. Балалар асығады, абай боламыз деп уәде береді, бірақ айналадағы қауіптің бәрін толық түсіне бермейді.

Ең ауыр нәрсе - енді балаңды құшақтап, оны қаншалықты жақсы көретініңді айта алмайтының. Барлығы Алланың қалауымен болды.

Ешкімді айыптамаңыздар. Оның орнына жақындарыңызға жақсы көретініңізді айтып үлгеріңіздер.

Сондай-ақ қаралы ана осы ауыр сәтте отбасының қайғысына ортақтасқан барша жұртқа денсаулық, амандық және бақыт тіледі.