Көкпар ойынында жасөспірім көз жұмды
Ақмола облысында көкпар кезінде жасөспірім қаза тапты. Кәмелетке толмаған баланың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «24KZ».
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше қайғылы жағдай 26 мамыр күні Целиноград ауданында болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ұлттық ат спорты ойыны – көкпарға дайындық жаттығуы барысында 2012 жылы туған жасөспірім аттан құлап кеткен. Ауыр жарақат алған бала оқиға орнында көз жұмған.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Тергеу аясында жаттығуды ұйымдастырған тұлғалардың және қатысушылардың қауіпсіздігіне жауапты адамдардың әрекеттеріне құқықтық баға берілмек.
Полиция өкілдері тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданатынын мәлімдеді. Қайғылы жағдай қоғамда ұлттық спорт түрлеріндегі қауіпсіздік мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды.