KAZ Minerals шахтасындағы қазадан кейін ШҚО әкімдігі мәлімдеме жасады
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Шемонаиха ауданындағы Артемьев шахтасында орын алған қайғылы жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов «Востокцветмет» ЖШС және KAZ Minerals тобының басшылығымен шұғыл кездесу өткізді, деп хабарлайды «24KZ»
Еске сала кетейік 30 мамыр күні кешке кәсіпорында тау жыныстарының құлауы салдарынан бір жұмысшы қаза тапқан болатын. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы ресми түрде тексеріліп жатыр.
Облыс әкімі қаза тапқан кеншінің жақындарына көңіл айтып, кәсіпорын мен құзырлы мемлекеттік органдар арасында «максималды ашықтық» болуы керектігін алға тартқан. Сондай-ақ, өндірістегі қауіпсіздікті күшейту қажеттігін ескертті.
Өз кезегінде KAZ Minerals өкілдері еңбекті қорғау саласындағы тәсілдерді әрі қарай да жетілдіруге әзір екендіктерін жеткізді.
Апаттың нақты себептері әлі де анықталуда. Оқиғаның тергеу барысы мен комиссия қорытындысы алдағы уақытта белгілі болады.