«Сол күні оның автонесиесін төлейтін күні еді...» Әл-Фараби даңғылындағы апаттан қаза тапқан қыздың анасы сотта жылады
Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған сұмдық жол-көлік оқиғасына қатысты басты сот талқылауында қаза тапқандардың жақындары түсініктеме берді. Апаттан көз жұмған бойжеткендердің бірінің анасы сот залында көз жасына ерік беріп, қызымен болған соңғы сөйлесуін айтып берді, деп хабарлайды «24KZ».
Қайғылы жағдайда қаза тапқандардың бірі – 22 жастағы бойжеткен болған.1 маусым күні сотта жауап берген марқұмның анасы қызының өмірінің соңғы күнін еске алды. Жәбірленушінің айтуынша, 20 наурыз күні таңертең қызы таксидегі жұмысынан үйге келген.
«Ол такси жүргізетін. Үйге келіп: "Мама, қарным ашты" деді. Мен тамағын бердім. Сол күні оның автонесиесін төлейтін күні еді, 260 мың теңгенің 90 мыңы жетпей тұрған болатын. Қызым: "Мама, мен қазір ақша тауып, кешке ораламын" деді», -деп егілді анасы.
Кешке қызы үйге кешіккен соң, анасы уайымдап, оған бейнеқоңырау шалған.
«Түнгі сағат 23:30 шамасы болатын. Мен уайымдай бастаған соң қоңырау шалдым. Көлікте жолаушылар отыр екен. Қызым: "Мама, қазір мына адамдарды түсіріп тастаймын да, үйге барып тамақ ішемін" деді. Бұл біздің соңғы сөйлесуіміз болды», - деді Жолдасова.
Осыдан кейін әйел ұйықтауға жатқан. Ал келесі күні таңертең отбасына суыт хабар жеткен. Анасының айтуынша, олар соңғы сәтке дейін қателік кеткен шығар, қызымыз ауруханада жатқан болар деп үміттенген.
«Өзім ауырамын, екі жылдан бері емделіп келемін. Таңертең сағат тоғыздар шамасында күйеуіме қоңырау шалып: "Қызыңыз қайтыс болды, тез арада келіңіздер" деді. Біз таңғы тоғызда Шамалғаннан шығып, он бірлерде мәйітханаға жеттік. Мен сенбедім. Оны комада жатқан шығар деп ойладым. Бірақ ол жерге барғанда қызымның мәйітін көрдім, оның денесі бөлшектеніп кеткен екен», - деді анасы көз жасын тыя алмай.