Күрек сабымен ұрып, қайнаған су құйған: патронаттық отбасы бас бостандығынан айырылды

Фото: ЖИ арқылы жасалған

Қарағанды облысында патронаттық тәрбиеге алынған алты баланы жылдар бойы қорлап, азаптады деп айыпталған отбасы мүшелеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды «24KZ».

Іс Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Айыпталушылар орындығында Қарқаралы ауданындағы педагогтер отбасы – ерлі-зайыптылар мен олардың қызы отырды.

Сот материалдарына сәйкес, ерлі-зайыптылар 2018 жылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған алты баланы патронаттық тәрбиеге алған. Алайда 2018 жылдан 2023 жылға дейін олар балаларға жүйелі түрде физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсеткен.

Тергеу барысында балалардың болмашы қателігі үшін ұрып-соғылғаны анықталды. Сондай-ақ оларды көң араласқан нан жеуге мәжбүрлеп, иттің үйшігінде ұйықтатқан. Сотта балаларға қайнаған су құйылып, қыздырылған темір құралмен күйік салынғаны да айтылды.

Дәрігерлер жәбірленуші балалардың бірінің денесінен 19, ал екіншісінен 47 тыртық анықтаған. Балалардың бірі сотта өзін кілемге орап, үстінен секіргендерін айтып берген. Соның салдарынан ол есінен танып қалған. Кейін баланың басына  бірнеше рет ота жасалып, мүгедектік алған.

Сот барысында отбасының қызы да жауапқа тартылды. Тергеу дерегіне сәйкес, ол ата-анасының әрекетін қайталап, патронаттағы балаларды күрек сабымен, оқтаумен, қамшымен және басқа да заттармен ұрып-соғып, оларға психологиялық қысым көрсеткен.

Прокурордың айтуынша, айыпталушылардың кінәсі балалардың жауаптарымен, куәгерлердің көрсетулерімен, сараптама қорытындыларымен және өзге де дәлелдермен толық расталған.

Бұдан бөлек, отағасының мемлекеттен балаларды асырауға бөлінген қаражатты мақсатсыз жұмсағаны белгілі болды. Сот мәліметінше, ол қаржының бір бөлігін құмар ойындарға жұмсаған. Нәтижесінде мемлекетке 6,2 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.

Сот үкімімен отбасы отағасы 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның жұбайы 10 жылға, ал қызы 4 жыл 8 айға сотталды.

Сонымен қатар сот әрбір жәбірленуші баланың пайдасына 10 миллион теңгеден моральдық өтемақы өндіру туралы талапты қанағаттандырды. Ал мемлекетке келтірілген 6,2 миллион теңгеден астам шығынды өтеу міндеті жүктелді.

Сот сондай-ақ Қарқаралы аудандық білім бөлімінің атына жеке қаулы шығарды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз