Зардап шеккендер бар: Lufthansa ұшағы тұмсығымен жерге құлады

Германияның Франкфурт әуежайында тұрақта тұрған Lufthansa әуе компаниясының жолаушылар ұшағында оқыс оқиға болып, бірнеше қызметкер жарақат алды, деп хабарлайды «24KZ».

Әуе компаниясының мәліметінше, Лос-Анджелеске ұшуға дайындалып тұрған кезде Boeing 787-9 ұшағының алдыңғы шассиі күтпеген жерден жиналып кетіп, әуе кемесі тұмсығымен жерге құлаған.

Сол сәтте бортта экипаж мүшелері мен жерүсті қызметкерлері болғанымен, жолаушылар әлі отырғызылмаған.

Lufthansa бірнеше қызметкердің жарақат алып, медициналық көмекке жүгінгенін растады. Зардап шеккендердің нақты саны әзірге жарияланған жоқ.

Әуе тасымалдаушысы оқиғаның себептері әзірге белгісіз екенін мәлімдеді. Қазір мән-жайды тиісті органдар тексеріп жатыр.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз