Астанадағы Сарайшық көпірінде болған жол апаты: жүргізушіге үкім шықты

Фото: depositphotos.com

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адамның өліміне себеп болған жүргізушіге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды «24KZ»

Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылдың қаңтарында жүргізуші Түркістан көшесі жағынан Сарайшық көпірі арқылы Б.Момышұлы көшесіне қарай келе жатып, көліктің жылдамдығын төмендетпеген. Жол жағдайын ескермей, рөлге ие бола алмай, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен. Салдарынан қарсы бағытта келе жатқан автокөлікпен соқтығысып, екінші көлікте болған екі жолаушы оқиға орнында көз жұмған.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Сондай-ақ ол қаза болғандардың туыстарына келтірілген шығынды толық өтеп, кешірім алған. Сот оның кінәсін мойындауы, шын жүректен өкінуі және келтірілген залалды толық өтеуін жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді.  Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Сот үкімімен жүргізуші Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз