Астана тұрғыны грант аламын деп алаяққа жем болды

Фото: depositphotos.com

Астанада полицейлер алаяқтық қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы азаматты ұстады, деп хабарлайды «24KZ».

Қалалық полицияның мәліметінше, күдікті өзін консалтингтік компанияның қызметкері ретінде таныстырып, мемлекеттік гранттарды рәсімдеу саласында қызмет көрсететінін айтқан. Ол жәбірленушінің сеніміне кіріп, қысқа мерзім ішінде мемлекеттік грант алуға көмектесетінін уәде еткен.

Күдікті грантты мақұлдату, құжаттарды дайындау және түрлі ұйымдастыру шығындарын сылтау етіп, жәбірленушіден бірнеше рет ақша алған. Алайда уәде етілген грант берілмеген. Осылайша жәбірленушіге 4 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Полицейлер күдіктінің осыған ұқсас өзге де алаяқтық әрекеттерге қатысы бар-жоғын анықтауда.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз